Caspianlife, 6 желтоқсан. Кеше Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Arm Wind» компаниясының бас директоры Федерико Пульезе және Қазақстандағы Eni компаниясының техникалық директоры Андреа Римольди бастаған делегацияны қабылдады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында заманауи технологияларға негізделген гибридті электр станциясын салу жобасы талқыланды. Бұл станцияны итальяндық энергетикалық компания Eni S.p.A мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Жаңаөзен қаласында сала бастады.
Кездесуде компания өкілдері станцияның құрылымымен таныстырып, оның болашақтағы тиімділігі мен маңыздылығын атап өтті. Бұл станция күн, жел және газ электр станцияларын біріктіру арқылы тұрақты және төмен көміртекті электр энергиясын өндіруді қамтамасыз етеді.
Жобаның ерекшелігі – әртүрлі энергия көздерін тиімді үйлестіру. Мәселен, 50 МВт қуаттылыққа ие күн электр станциясына 82 000 заманауи күн панелі орнатылады, бұл күн энергиясын электр энергиясына тиімді түрлендіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 77 МВт қуатты жел электр станциясының құрамына әрқайсысы 7 МВт болатын 11 жел турбинасы кіреді. Аймақтың тұрақты жел ағынын (орташа жылдамдығы – 8,5 м/с) пайдалана отырып, турбиналар жоғары өнімділікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 120 МВт қуатты газ электр станциясы 20 МВт қуатқа ие 6 газ турбинасымен жабдықталады.
«Күн электр станциясын іске қосу 2025 жылдың III тоқсанында, газ электр станциясын – 2026 жылдың II тоқсанында, ал жел электр станциясын – 2026 жылдың IV тоқсанында жоспарланып отыр», — делінген хабарламада.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзенде салынып жатқан гибридті электр станциясының аймақ үшін маңыздылығын атап өтіп, өңірді дамытуға бағытталған жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
— Біз гибридті электр станциясы Маңғыстау облысының энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз. Сонымен қатар, бұл жоба өңірдің мұнай-газ саласына тәуелділігін азайтып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Өз тарапымыздан біз өңірді дамытуға бағытталған кез келген бастаманы қолдауға әрдайым дайынбыз, — деді Нұрдәулет Қилыбай.
(Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша)