Шіліңгір шілде туса болды, Индербор кентінен 15 шақырым жердегі Тұздыкөлге келушілердің қатары молаяды. Мұнда Менделеев кестесіндегі 16 түрлі элемент жасырынған.
Тұздыкөлдің солтүстік жағы Индер тауымен қоршалған, оңтүстік жағалауы жазық. Тұздың мемлекеттік есепке алынған қоры 647 млн. тонна болады. Жергілікті геологтардың айтуынша, тұзға шілденің басы мен тамыздың орта тұсы аралығында түсу керек, онда да бір рет қана. Балшықта 10–15 минуттан артық жатуға болмайды. Күн шамадан тыс ысыған кезде көл бетін бу басып, радиация көтерілетін көрінеді. Сондай-ақ, геолог бұл жерде үнемі самал жел соғып тұратындықтан, суық тигізіп алмауды басты назарға алған жөн деп санайды. Көлдің суы мен қара балшығының өзі тек буын емес, демікпе, бронхит, гинекология сияқты көптеген сырқатқа шипа. Туризмге сұранып-ақ тұрған аймақтан кәсіпкер арнайы жер телімін алып, келушілерге мүмкіндігінше жағдай жасап отыр. Алайда жұрт тұзды көлдің қасиетін шала бағалайды. Себебі, тиісті талаптар сақталмайды дейді ол.
– Биыл өзіміз азаматтық белсенділік танытып Тұздыкөл маңында келушілерге, ем алам деушілерге қарапайым тұрмыстық жағдайлар жасауға тырыстық. Ол үшін екі киіз үй құрдық. Біреуі демалатын үй ретінде, екіншісі асхана ретінде пайдаланылды. Өкінішке орай, биыл Атыраудан келетін жастар спирттік ішімдіктер әкелетінді шығарыпты, – деп ашынады жеке кәсіпкер Ақмаржан МЫРЗАҒАЛИЕВА.
Расында, мұнда келетіндер көп жағдайда қарапайым ережелерді сақтай бермейді. Атқарушы билік күнделікті тазалық жұмыстарын жүргізгенімен демалушылар келген сайын таудай қоқыс қалдырады. Әсіресе, карьерлердегі жағдай сын көтермейді. Десек те кей азаматтар тазалықты сақтаймыз деп сендіріп бақты.
Халықтың көп шоғырлануы, санитария талаптарының сақталмауы, қоқыс мәселесі – бәрі де енді-енді беті қайтып келе жатқан індеттің өршуіне әкеп соғуы мүмкін. Нәтижесінде, Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің арнайы қаулысына сәйкес тұзды көл мен каръерлерге халықтың шоғырлануына қатаң тыйым салынды.
– Атырау облысы мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес демалушылардың шамадан тыс көп келуіне байланысты Индер ауданында орналасқан тұзды көл аумағы мен каръерлерге келуге уақытша тыйым салынады. Карантиндік режимді сақтауға шақырамыз, – дейді аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Айдана ҒҰМАРОВА.
Дендердің тағы бір қырын танытар аймақтағы бүгінгі ахуал осындай. Болашақта бұл жерді уақыт талабына сай жарақтандыру үшін қажетті инвестор тарту да оңай жұмыс емес екені белгілі. Бірақ жергілікті билік қайткен күнде де нақты шаралар қабылдауға бекініп отыр.