Су көліктерін сауық-сайран құру мақсатында пайдалануға тыйым салынған. Осы бағытта арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін көліктік бақылау инпекциясы рейд ұйымдастырды. Оған полицейлер мен құтқарушылар қызметі де жұмылдырылды.
Карантиндік шектеулерге байланысты қаладағы жағажайлар ашылып үлгермесе де, рұқсат етілмеген жерде шомылуға ниеттілердің қарасы көп-ақ. ҚР Көліктегі бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша, ойын-сауық немесе экскурсиялық серуен құру мақсатында шағын су көліктерін пайдалануға тыйым салынған еді. Ал тәртіпке бағынбағандарды айыппұл күтіп тұр.
– Жаңа бір шағын көлемді кеме тоқтатылып, ескерту жасалды. Арнайы куәлігі болмауына байланысты оның жүргізушісіне 15 АЕК айыппұл салынды, – дейді Атырау облысы көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы Мереке БАЙМҰХАНОВ
Наурыз айынан бергі шағын көлемді су көліктерін тексеру жұмысының қорытындысы бойынша 49 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Нәтижесінде, 450 мың теңге айыппұл өндірілді. Айта кету керек, қойылған шектеулер құтқарушылар мен арнайы жүзу құралдарының жұмысына кедергі келтірмейді.