CaspianLife, 13 қараша. «Qabilet» қызметі ата-аналарға балаларының қабілеті мен дағдысын ашуға көмектеседі, сонымен қатар баланың дамуына ықпал етеді.
Атырау облысы Білім беру басқармасы Таланттарды анықтау және қолдау орталығының мамандары күні бүгінге дейін 300-ге жуық оқушыны диагностикадан өткізген — деп хабарлайды Атырау облысы Білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова.
Жобаның мақсаты – оқушылардың қабілеті мен кәсіби бағдарын диагностикалаудың бірыңғай жүйесін құру, сонымен қатар олардың зияткерлік және жеке әлеуетін іске асыру үшін қабілетті балалар мен дарынды жастарды қолдау . «Qabilet» қызметі кәсіптік бағдарлау қабілеттінің деңгейін анықтау бойынша тестілеуден өтуді, әрі қарай оқыту және кәсіптік дамыту бойынша кеңес беруді көздейді.
Таланттарды анықтау және қолдау орталығының әдіскері Әлия Оңдыбаеваның айтуынша «Qabilet» жобасы оқушы, мұғалім және ата-ана жұмысын жандандыруға зор ықпал етеді. Әр оқушының бойындағы ешкімге көрінбейтін, сезілмейтін қабілеттерін, дарындылығын ашуға оңтайлы мүмкіндік туып отыр. Өйткені әр оқушы жасына қарай онлайн — тест тапсырып, нәтижесінде креативтілік, сыни ойлау, коллаборация, коммуникативтілік бойынша қабілеттері 3 деңгейде анықталады.
І – ші деңгей жоғары ұпай (80-нен жоғары) жинап, дарындылық қабілеті анықталған оқушылар орталық психологтарынан кеңес ала отырып, орталықтың базасына енгізіліп, онымен қолдау, дамыту жұмыстары жоспарланады. ІІ –ші орташа ұпай (50-69) жинаған оқушылармен ата-ана жұмыс жасап баланың қабілетіне байланысты курстарға беріп жеке жұмыс жасайды. Яғни ата- ана өз баласының бойындағы қабілеттерін дамытуға жұмыстанады. ІІІ –ші деңгей, яғни төмен ұпай жинағандар «Жақын арадағы даму аймағындағы оқушылар» мектеп психологының құзырында болып, ата-анамен бірлесе отырып, сол оқушылармен жоспарлы жұмыс жасайды.
Биыл орталық мамандары Индер ауданы, Исатай, Мақат, Қызылқоға, Жылыой аудандарына барып, Qabilet»қызметі бойынша екі күндік семинар-тренинг ұйымдастырды. Шара барысында 7-9, 10-11, 12-14 мектеп жасындағы балалардың «4К» саласындағы-сыни ойлау, креативтілік, коммуникация және балалардағы ынтымақтастық саласындағы қабілеттерін диагностикалау және дамыту бойынша әлеуметтік — психологиялық білім, іскерліктер, дағдылар мен әдістемелер берілді.