CaspianLife, 1 қараша. Атырау қалалық сотында А. (II топ мүгедегі) азаматтың жауапкер жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (ЖШС) 1 млн теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы шағымы қаралды.
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, талап қоюшы тіс емханасына шағымданған, себебі дәрігер оның тісін сапасыз емдеген.
«Ем жүргізілгеннен кейін тісінің ауырғаны басылмай, талап қоюшы тіс емханасының дәрігеріне қайтадан барған. Дәрігер тісті қарамай, талап қоюшыға тісі іскен жағдайда қайта келетінін айтып, оны кері қайтарған. Тісінің ісуіне байланысты талап қоюшы сол дәрігерге қайтадан жүгінген. Жауапкер талап қоюшыға облыстық ауруханаға ем алуға жолдама жазып берген. Талап қоюшыға ауруханада беттің іріңдеуі салдарынан ота жасалып, ұзақ уақыт ем алған»,-деп хабарлайды соттың баспасөз кызметі.
Содан кейін, дауды қарау барысында тараптар медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісімге келді. Келісімнің шарттарына сәйкес, жауапкер (ЖШС) талап қоюшыға моральдық зиян мен дәрі-дәрмек шығындары үшін 100 мың теңге төлеуге міндеттелді. Талап қоюшы талаптарын қайтартудан бас тартты. Соттың анықтамасымен бұл медиациялық келісім бекітілді. Сот актісі заңды күшіне енді.
(Сурет редакцияның архивінен)