CaspianLife, 28 қазан. Бұл туралы бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов Индер ауданының тұрғындарымен кездесуде айтты. Кездесуде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен ауданның одан әрі даму жоспары талқыланды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Серік Шапкенов өз баяндамасында ауданға жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, Атырау қаласы мен Индер ауданының орталығы арасындағы облыстық маңызы бар жол құрылысының көңіл көншітпейтінін атап өтті.
«Ауданға келе жатқанда арнайы тоқтап, «Атырау-Индер» тас жолының жағдайын көріп келдім. Жүк көліктерінің кесірінен асфальт бұзылған. Бұл жолмен өзіміз қатынаймыз, сондықтан күтіп ұстау маңызды. Тас жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы бақылау камерасы бар полиция көліктерінің санын көбейтеміз. Бұдан бөлек, облыстық маңызы бар тас жолдың ауданға қарасты 50 км бөлігіне (117-167 км) орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Мердігердің жосықсыздығынан құрылыс баяу жүруде. Тұрғындар бұл жұмыстарды көрмейтінін, жол шаршатқанын айтады. Инфрақұрылымды дамыту, жолдың сапасы — басты назардағы мәселе. Жауапты басшыларға тиісті тапсырма бердім. Қажет болса, мердігермен келісімшартты үзу үшін қажетті шараларды қабылдау керек»,-деді С.Шәпкенов.
Кездесу барысында аудан тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үймен қамту, жол құрылысын және басқа да мәселелерді көтерді. Облыс әкімі бұл міндеттер кезең-кезеңімен, өзектілігіне қарай шешілетінін атап өтті. Тұрғындармен кездесуден кейін Серік Шапкенов әртүрлі салалардың мамандарымен бірге жеке мәселелері бойынша жиырмаға жуық азаматты қабылдап, олардың сұрақтарына жауап берді.