CaspianLife, 28 қазан. Бұл оқиға 26 қазан күні таңертең, шамамен 06:00-де, Атырау-Орал трассасында болды.
Атырау облысы полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметінің мәліметінше, 38 жастағы Daewoo Nexia көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып, жүк көлігімен соқтығысқан. Нәтижесінде Daewoo Nexia толықтай жанып кеткен, оқиға орнында жүргізуші мен үш жолаушы қаза тапты. ПД баспасөз қызметінің хабарламасында жанып кеткен көлік Ресей Федерациясында тіркеуде тұрғаны айтылған. Сондай-ақ, трагедиядан бір сағат бұрын Daewoo Nexia-ны жол полициясы қызметкерлері тоқтатып, жүргізушіге «Жол қозғалысы ережелерін» бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылғаны нақтыланған. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері түнгі уақытта жолда абай болу шаралары туралы ескерткен. Алайда, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмады…