Облыста жедел жәрдемге түсетін шақыртулар саны 25 пайызға азайған. Денсаулық сақтау министрі соңғы екі аптада коронавируспен күрестегі ахуал тұрақтанды деп хабарлаған болатын. Айтқандай-ақ, нәтижелі жұмыстың арқасында оң өзгерістер мұнайлы өңірде де байқалып келеді.
– Қазіргі таңда шақыртулар тұрақтанды. Жедел жәрдем шақыру Атырау облысында 25 пайызға азайған. Себебі, диспетчерлік бөлімде поликлиникадан дәрігерлер онлайн-консультация беріп отыр. Ол да көп көмегін тигізді, – деді Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы директорының міндетін атқарушы Наргиз Баймолдаева.
Қуантарлық жағдай тек осы емес, он күн бұрын іске қосылған екі covid-такси үшіншісімен толықты. Сондай-ақ, жедел-жәрдем қызметіне 14 маман қосылған, тағы 10-ы келеді. Бұл – індетпен күресте күн-түн демей қызмет еткен ақхалаттылардың жұмысына сәл де болса көмек.
– Осы бір айдың тұсында қалада карантин режимі басталғалы бері шақырту саны 2 есеге көбейді. Және біздің короновирустық бригадаларға шақырту көп болды. Тіпті, түскі ас кешкі ас ішуге уақыт болмады. Демалатын уақыт мүлде болмады. Енді, әрине, бұны міндетіміз, борышымыз деп ойлаймыз, – деді фельдшер Ренат Дәдікенов.
Қазір облыс бойынша 42, қалада 25 бригада үздіксіз жұмыс істеуде.