Атыраудағы провизорлық стационар тағы да жаңа медициналық құрылғымен толықты. «West Dala» ЖШС қазір сұранысқа ие 10 пульсоксиметр мен 10 оттегі концентратын алып берді. Қазір өлім мен өмір арасында жатқан әр науқасқа бұл ауадай қажет. Қай стационарға барсаңыз да, мұндай жабдықтарды қуана қабылдайтыны анық.
– Бұл – өте қажет, өте керек нәрсе. Қазіргі таңда бізде бұл аппарат бар. Бірақ әлі жетпейді. Мұқтажбыз. 1-2 адамға көмектеседі. Кезекпен саламыз. Негізінен ауыр науқастарға пайдаланамыз, – деді қалалық провизорлық станционардың дәрігері Дәурен Шанаев.
Медициналық аппараттар аудандарға да жөнелтілді. Нақтырақ айтсақ, құрылғылар алты-алтыдан қалалық стационарға, қалғандары Қызылқоға мен Махамбет ауданына жіберілді. Дәрігерлердің айтуынша, жағдай тұрақталып келеді. Бірақ арқаны кеңге салуға әлі ерте деп отыр.
Ел басына күн туғанда қауіпті індетпен ақ халаттылармен бірге еріктілер де жұмылып күресіп кетті. Өңір халқы қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырып, бір-біріне демеу болып жатыр. Бұны әлеуметтік желіден де жиі байқауға болады. Бірақ жарияланбай жатқан игі іс те баршылық. Мәселен, «West Dala» ЖШС «Іскер» консорциумының бастамасымен төтенше жағдай енген бойда азық-түлік таратып келген. Енді бүгін жаңа медициналық құрылғы сыйлады.
Қазір Атырау облысында коронавирус жұқтырған 9 мыңнан астам тұрғын тіркелді. Оның 427-сі стационарда емделіп жатыр. Мамандар жағдайдың тұрақталып келе жатқанын айтады. Бірақ қауіп те жоқ емес. Ал демеуші компания әлі де игі істі жалғастырамыз деп отыр.