CaspianLife, 29 тамыз. Биыл Атырау облысында қызылша ауруы 9,5 есеге артты.
Былтыр соңғы 7 айда қызылшаның 222 жағдайы тіркелген болса, биыл 2247-ге жетті. Олардың 85%-ы 14 жасқа дейінгілер. Бұл туралы Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл Аймұратова баспасөз мәслихатында мәлім етті, — деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі
— Қызылша инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз және тиімді шарасы – вакцина салдыру. Облыста балаларға қызылшаға қарсы қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина егу көзделген. Бұл вакцина дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған. Вакцинаны алу тиімді және қауіпсіз. Қызылшаға қарсы вакциналау еліміздің ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 1 жастан 6 жасқа дейін жүргізіледі, — деді ол.
А.Аймұратованың айтуынша, туа біткен иммунитет балаларға берілмейді және олар жұқпалы ауруға аса сезімтал болады.
Биыл облыс бойынша 27090 адам қызылшаға қарсы вакцина алған.