CaspianLife, 27 тамыз. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 7 айдағы қорытындысы мен алда тұрған міндеттер талқыланды,-деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметі бойынша, биыл қаңтар-шілде айының қорытындысымен өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс, ақпарат және байланыс салаларында макрокөрсеткіштердің оң динамикасы байқалады.
Облыс дамуының негізгі бағыттары – өңдеу өнеркәсібі, туризм, шағын және орта бизнес, көлік және логистика, агроөнеркәсіп салалары. Аталған бағыттардың тұрақты дамуына тың серпін беру үшін өңірге инвестиция тарту қажет.
Мәселен, облыста 2026 жылға дейін 43 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Осы жобалар сәтті жүзеге асқан жағдайда өңір экономикасына 670 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады деп күтілуде. Оның ішінде биыл 17 жобаны іске қосып, жаңадан 430 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 480,4 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 89,3%-ды құрады.
Сонымен қатар, жеті ай көрсеткіші бойынша облыстың ауыл шаруашылығы саласында 15,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі өңірге инвестиция тартуды ұлғайту қажеттігін, ауыл шаруашылығында жергілікті өнім өндірісін ұлғайтуды және экономиканың түрлі салаларында тұралап қалған жобаларды жеделдетуді тапсырды.