Шетелден келген гуманитарлық көмек медициналық мекемелерге таратылды. Жеке қорғаныш құралдарының жеткілікті түрде жеткізілуін енді арнайы мониторингтік топппен бірге 30-ға тарта белсендіден тұратын қоғамдық бақылау тобы бірігіп қадағалайды.
– Қабылдап алу және тарататын кезде тиісті жерге жетіп жатыр ма – соның бәрін бақылау – біздің жұмысымыз. Екінші бағытта, дәріханадағы дәрі-дәрмектің бағасын қадағалау: қайсысы бар, қайсысы жоқ – соның бәрін тиісті органдарға жеткізіп отыру. Үшіншісі, ауруханаларымыздың жұмысын назарда ұстаймыз. Олардың жұмыстарына кедергі келтіру емес, қайта көмек көрсетуді қолға аламыз, – Атырау облыстық қоғамдық бақылау тобының өкілі Олжас Сүлеймен.
Емдеу мекемелеріне жіберілген жабдықтар соңғы екі күндікте Геолог емханасындағы қоймадан алынған. Бақылау барысында облыстық онкологиялық диспансер мен балалар ауруханасындағы жағдай тексерілді.
– Барлығын толықтай алып жатырмыз. СК-Фармациядан сұратқан дәрі-дәрмектер кешіктіріліп тұрады, алайда біз оларды аламыз, – деді Атырау облыстық онкологиялық диспансер басшысының міндетін атқарушы Руслан Бривков.
Ал облыстық балалар ауруханасының фармацевті Гүлшат Хамешова жеке қорғаныш жабдықтары алдағы бір айға жететіндей толықтырылды дейді. Оның айтуынша, соңғы келген тауарларда респиратордың 1000 данасы бар екен. Сондай-ақ, 3000 дана бетперде мен екі оттегі конденсаторын берілген. Өткен жексенбі күні де тасымалдауға болатын жасанды желдету аппаратына қол жеткізіпті.
Мониторингтік топ алдағы күндері Өзбекстан мен Ресейден келетін гуманитарлық көмек ішіндегі дәрі-дәрмектердің діттеген жеріне жетуін бақылауда ұстайтынына сендірді.