CaspianLife, 2 тамыз. Қаржылық мониторинг агенттігі ТМД аумағында алғаш рет шетелден қазақстандықтардан ұрланған 250 миллион теңге көлеміндегі қаржы пирамидасының криптоактивтерін қайтарды.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлемдік тәжірибеде мұндай нәтижеге қол жеткізген елдер аз. Агенттік заманауи IT-құралдарды пайдаланып, 2,5 ай ішінде қазақстандықтардың криптовалютамен қаражатын тартып келген жоғары технологиялы «Eolus» қаржы пирамидасын жойды.
Қазақстанның он екі өңірінде (Алматы, Астана, Шымкент, Павлодар, Өскемен, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Орал, Көкшетау, Жетісу, Түркістан) шамамен 2,5 мың салымшы тартылды. Астана қаласының ұйымдастырушысы 6 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлікті тәркілеу жазасына кесілді.
«Құқық қорғау органдарының ізін суытып, салымшылардың қаражатын заңсыз шығару мақсатында қылмыскерлер транзиттік криптовалюталық әмияндардың үлкен санын қолданды. Бұл әмияндар арқылы пирамиданың қаржы ағындары өтті. Агенттік заманауи блокчейн талдау құралдарын пайдаланып, барлық транзакцияларды бақылап, қылмыстық табыстар жинақталған негізгі әмияндарды анықтады. Ұрланған қаражат арнайы есеп-шотқа аударылды және болашақта зардап шеккен азаматтарға шығынды өтеуге жұмсалады. ҚМА бұл механизмді басқа да алаяқтық жобаларда қылмыстық активтерді қайтару үшін кеңінен қолдануды жоспарлап отыр», — делінген ҚМА Channel Telegram-каналында жарияланған хабарламада.
Агенттік азаматтарды пассивті табыс пен жоғары пайда сомына күмәнді инвестициялық жобаларға сенбеуге шақырады. Компанияның заңсыздығын тексеру үшін Агенттіктің Telegram-боты «Baiqa, piramida!» арқылы тексеруге болады.