CaspianLife, 30 шілде – Қазақстанда тұрғын үй кезегінде 650 мың адам тұр, олардың ішінде 255 140-ы әлеуметтік осал топтарға жатады. Жыл сайынғы тұрғын үй кезегіндегі адамдардың тізімін түгендеу барысында шамамен 300 мың адамды кезектен алып тастауға болатыны анықталды.
ҚР индустрия және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, әкімдіктер 34 мың азаматты тұрғын үй кезегінен шығару туралы шешім қабылдаған. Кезекте тұрғандарды негізінен мына себептер бойынша тізімнен шығарды:
— Кезекте тұрған адамның және оның отбасы мүшелерінің тұрғын үйінің болуы;
— Кезекте тұрған адамның отбасы мүшелері туралы деректердің сәйкес келмеуі;
— Әлеуметтік мәртебесінің сәйкес келмеуі (толық емес отбасы, 1 және 2 топтағы мүгедектер және т.б.);
— Мемлекеттік қызметші мәртебесінің сәйкес келмеуі (ИС ekyzmet жүйесінде болмауы).
Министрлік kezekte.kz ақпараттық жүйесін әзірлеушілермен бірлесіп, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап сәйкессіздіктер анықталған кезекте тұрған азаматтарға жеке деректерін жаңарту қажеттілігі туралы SMS-хабарламалар жіберу туралы шешім қабылдады.
«Қабылданған шаралар нәтижесінде азаматтар жеке деректерін жаңарту үшін тұрғылықты жері бойынша әкімдіктерге белсенді түрде бара бастады. Барлығы 34 мың азаматты кезектен шығару туралы шешім қабылданды. Мамыр айынан бастап бүгінгі күнге дейін 17 мың азамат кезектен шығарылды», — деп хабарлады ҚР индустрия және құрылыс министрлігі.