CaspianLife, 18 шілде – Биыл Мемлекеттік кірістер департаментіне (МКД) соттан тыс банкроттық туралы 3346 өтініш түсті. Оның ішінде 350 адам банкрот деп танылды.
Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің төлемге қабілетсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының бас маманы Шұға Джаншаева мәлімдеді.
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң үш түрлі рәсімді қарастырады: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Олардың ішіндегі ең көп сұранысқа ие рәсім соттан тыс банкроттық. Бұл рәсімді тек банктер, микроқаржылық ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарызды өтеу үшін қолдануға болады. Өткен жылдың наурыз айынан бастап қарызы бар азаматтардан жеке тұлғалардың банкроттығы туралы өтініштер қабылдана бастады. Бүгінгі күні қолданыстағы заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.
Ш. Джаншаеваның айтуынша, қарызы 1600 АЕК немесе 5 (бес) миллион теңгеден асатын азаматтар сот арқылы банкроттық рәсімін пайдалана алады. Түскен қаражат белгіленген тәртіпте кредиторлар алдындағы қарызды өтеуге жұмсалады.
Заң жобасына сәйкес, банкроттықтан кейін азамат бес жыл ішінде несие немесе қарыз алу үшін өтініш бере алмайды. Сонымен қатар, үш жыл бойы оның қаржылық жағдайы бақыланып отырады, тек жеті жылдан кейін ғана ол банкроттық туралы өтініш бере алады. Сондай-ақ қарыздары бес жылдан астам уақыт өтелмеген азаматтар үшін арнайы шарттар қарастырылған.
Анықтама: азаматтар өтініштерді халыққа қызмет көрсету орталықтарында электрондық үкімет порталы (eGov.kz) арқылы, сондай-ақ e-Salyq Azamat немесе eGov мобильді қосымшалары арқылы бере алады.