CaspianLife, 11 шілде – Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасының балалары үшін квота 5%-ды құрайды. Яғни, жалпы грант санының 5 пайызы осы квотаға сәйкес бөлінеді.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы хабарлады. Мысал ретінде 2024 жылы «Педагогика ғылымдары» бағыты бойынша 13 735 грант бөлінгені, оның ішінде 687 грант немесе 5 пайызы көп балалы отбасынан шыққан талапкерлерге берілетіні көрсетілген.
«Көп балалы отбасы» квотасы бойынша гранттық конкурсқа қатысу үшін үміткердің жасы 18-ге толмаған болуы керек. Отбасында кемінде төрт кәмелетке толмаған бала, оның ішінде күндізгі бөлімде оқитын университет немесе колледж студенттері 23 жасқа толмаған болуы керек.
«Мысалы, өтініш берушінің өзі (18 жасқа дейін) + бір бала (18 жасқа дейін) + бір бала (18 жасқа дейін) + бір бала (23 жасқа дейінгі университет немесе колледждің күндізгі бөлімінде оқитын студент)», — деп нақтылайды Ұлттық тестілеу орталығы.
Қосымша сұрақтар бойынша талапкерлер мен олардың ата-аналары университеттің қабылдау комиссияларына хабарласа алады. Олардың байланыс номерлері Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының Telegram-каналында жарияланды.