CaspianLife, 3 шілде — Атырау облысында су тасқынынан зардап шеккен 116 шағын және орта кәсіпкерге 1 миллиард теңгеден астам өтемақы тағайындалды. Бұл туралы Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Саттығұл Сабыров мәлімдеді. Жалпы Атырау аймағында 300-ден астам кәсіпкер су тасқынынан зардап шеккен. Оларға келген жалпы шығын көлемі 4 миллиард теңгеден асады.
Сонымен қатар, басқарма өкілінің мәліметінше, биыл бизнеске қолдау көрсету мақсатында бюджеттен 11,8 миллиард теңге бөлініп, 400-ге жуық жоба қаржыландырылды. Жыл соңына дейін 1000 жобаға көмек көрсету жоспарланып отыр.
Саттығұл Сабыровтың сөздерінен үзінді:
Жалпы бағдарлама «Бизнес жол картасы 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы. Ол шағын және орта бизнес субъектілеріне бағытталған. Бұдан бөлек, бізде жергілікті бағдарлама бар. Оның атауы «Бизнес аймақ» бағдарламасы. Бұл ауыл кәсіпкерлеріне бағытталған. 2023 жылы жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініп, 81 ауыл кәсіпкері қаржыландырылды және олармен 68 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл да осы бағытта 480 миллион теңге қаражат бөлінді. Басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі, сауда, қызмет көрсету саласындағы жобалар қолдау алған.
Қазіргі таңда Атырау облысындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 68 мыңнан асады, оның ішінде 62 мыңы белсенді жұмыс істеп тұр.
Бұл өтемақылар мен қолдау шаралары өңірдегі кәсіпкерлерге өз ісін қалпына келтіруге және әрі қарай дамытуға көмектеседі деп күтілуде.