CaspianLife, 11 маусым — Қорғаныс министрлігі бөлімшелерінің оқу-жаттығулар өткізуіне байланысты Жетібай-Жаңаөзен автожолының аэродромдық учаскесі барлық көліктердің қозғалысы үшін уақытша жабылады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалынан хабарлады.
Компанияның мәліметінше, 2024 жылдың 10 маусымы мен 19 шілдесі аралығында «Жетібай-Жаңаөзен» автожолының аэродромдық учаскесі (28-ден 31 шақырымға дейін) барлық көліктердің қозғалысы үшін уақытша жабылады.
Бұл учаскеде Жаңаөзен бағытында және қарсы бағытта көліктердің қозғалысы айналма жолдың бойымен ұйымдастырылады, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтауды және айналма жолмен жүруді сұрайды.