CaspianLife, 7 маусым — Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт мейрамына қатысты түсінік берді.
«Бүгін һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталды. Яғни Арапа күні биыл 15 маусымға сәйкес келеді. 16 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні», — делінген хабарламада.
Діни басқарманың ақпаратына сүйенсек, ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі.
«2024 жылы 6 маусымда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 7 маусымда басталып, арапа 15 маусымға, ал құрбан айт 16 маусымға сай келеді», — дейді басқармадан.
Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсініктеме берді.
«Құрбан айттың бірінші күні мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтіледі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 16 маусым (жексенбі) деп жариялады, яғни бұл – демалыс күні. Сондықтан құрбан айт мерекесі басқа күнге ауыстырылмайды», — дейді министрліктен.
Еске сала кетейік, бұған дейін биыл Құрбан айт мерекесі 17 маусым, яғни, дүйсенбіге түсіп тұрғаны туралы хабарлаған едік.