Атырауға Нұр-Сұлтаннан алты ресейлік дәрігер келді. Олар облыстық аурухана мен №2 жұқпалы аурулар ауруханасында көмек көрсетпек. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, ақхалаттылар кеңес беріп қана қоймай, науқастарды емдеумен де айналысады. Әзірге бір инфекционист, екі пульмонолог, үш реаниматолог жұмысқа кіріспек.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов ресейлік дәрігерлермен кездесуде инфекциялық стационардың саны 600 кереуетке көбейетінін айтты. Сонымен қатар, қосымша орын Құрманғазы ауданында да дайындалып жатыр. Жиында жақын арада Ресейдің Астрахан облысынан 5 дәрігердің келетіні айтылды. Қажет болған жағдайда оларды аудандарға аттандырмақ.
– Астарханнан келетін 5 дәрігер жөнінде біздің Сыртқы істер министрлігімен ортақ шешім бар. Енді Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің рұқсатын күтіп отырмыз. Негізі, Атырау облысы әкімі мен Астрахан облысы губернаторының арасындағы келіссөздер арқылы келісім жасалған еді, деді, – Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдығапаров.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Денсаулық сақтау министрлігі Атыраудағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін вирусолог, дәрігер-инфекционист, реаниматолог, пульмонолог сынды мамандардан тұратын медицина қызметкерлерін жіберетіні белгілі болды. Алдағы уақытта облысқа жалпы саны 108 маман келеді.