CaspianLife, 14 наурыз — Атырауда ҚР Президенті жанындағы құрылтайдың үшінші отырысы басталғалы жатыр. Ең маңыздысы – ертең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен болады. Әзірге тематикасы белгісіз. Дегенмен сарапшылар сан саққа жүгіртіп, болжам жасап-ақ жатыр. Көбісі экономика, жетекші сектор мұнай-газ саласын одан әрі дамыту туралы әңгіме болары анық дегенді айтады. Өйткені күні кеше Тоқаев Әзірбайжанда болып, қазақ мұнайын Транскаспий бағыты арқылы экспорттау көлемін көбейту туралы келіссөздерге қол қойып қайтты. Соның бір-екеуі мынадай:
— «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы қазақстандық мұнай транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісім;
— «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы қазақстандық мұнайды сатып алу-сату саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандум;
Ал Атырау – қазақ мұнайының астанасы, бюджеттің нөмірі бірінші доноры. Сондықтан бұл тақырыптың қозғалары 100 пайыз. Және мұнай сақтайтын қойма салу туралы 2022 жылдың қарашасында Атырауға келгенде жергілікті басшыларға тапсырма беріп кеткен. Онысы әлі орындалған жоқ. Соның да сұралары анық.
Ал бүгін Ұлттық құрылтайдың секциялық отырыстары өтеді. «Азаматтық қоғам» секциясының модераторы ҚР Президентінің кеңесшісі Руслан Желдібай, «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясының отырысына мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жетекшілік етеді. Бұл түске дейін өтетіні. Секциялық отырыстың түстен кейінгі бөлімдерінде ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова модераторлық етпек.