CaspianLife, 7 желтоқсан — Атырауда тәулігіне 15 мың бөлке нан мен тәтті өнімдерін дайындайтын наубайхана ашылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Шәкір Кейкин, Дамбы округінің әкімі Ұзақбай Байзуллин және ауыл тұрғындары қатысты.
— Мемлекет басшысы ірі және орта кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Міне, соның бір дәлелі ретінде Бибігүл Әбілқанқызы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен және жеке капиталы арқылы заман талабына сай наубайхана ашып, қаламызда шағын кәсіпкерлікті дамытуға үлкен үлес қосып отыр. Сізге облыс әкімі Серік Жамбылұлының және өзімнің атымнан ризашылығымызды білдіреміз. «Асыл ана» наубайханасы І сұрыпты бөлке нанды нарықтағы бағадан 5% төменделіп қала халқына ұсынылатын болады. Бұдан бөлек, кәсіпкер жаңа жұмыс көздерін ашып, 70 адамды жұмыспен қамтып отыр, деді қала әкімі.
Сонымен қатар, қала әкімі әкімдік және жауапты бөлімдер тарапынан шағын кәсіпкерлікті қолдауға әрқашан дайын екенін атап өтті.