CaspianLife, 4 желтоқсан — «Эйр Астана» әуе компаниясына 876 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Енді әуе билеттерінің құны арзандауы тиіс. Бұл туралы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады. Агенттік қызметкерлері прокурорлармен бірігіп «Эйр астананы» тексерген кезде компанияның жанармай алымын негізсіз алғанын анықтапты. Яғни билетті дәл ұшатын күні немесе соған таяу уақытта сатып алған жолаушылардан 3500-ден 6500 теңге аралығында ақша алған. Тексерістен кейін «Эйр Астана» мен Агенттік арасында ішкі бағыттар бойынша бағаны тежеуге бағытталған, монополияға қарсы комплаенс жасалды. Соған сәйкес енді 2023 жылдың 6 желтоқсанынан бастап жанармай үшін алым алынып тасталады. Мысал ретінде айтсақ, Астана-Алматы бағытындағы билет 14 пайызға арзандап, енді 24 435 теңге болады. Бұрын жолаушылар 28435 теңгеге сатып алатын. Ал Алматы-Ақтау бағытында қазіргі орташа баға 37 568 теңге болса, 6-шы желтоқсаннан бастап 17 пайызға арзандап, 31 078 теңгеден сатылмақ. Бұл – бір. Екіншіден, 2024 жылдың соңына дейін ішкі бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдау қызметінің бағасын көтеруге шектеу қойылады. Үшіншіден, осы жылы және 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін AirAstanaның орташа және төмен бағамен сататын билет саны 70%-дан төмен болмауы тиіс. Түсінікті болу үшін айта кетейік, отын алымы авиаотынға жұмсалатын шығын көбейген жағдайда оның өсімін өтеу мақсатында ғана алынуы мүмкін.