Маңғыстауда биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған «Рай» әлеуметтік шұғыл көмек көрсету орталығына 11 әйел және 32 бала көмекке жүгінген.
Әлеуметтік шұғыл көмек көрсету орталығының директоры Райхан Бекманованың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған үй 15 адамға арналған. Сонымен қатар орталыққа келген әрбір әйелге 8 бағытта көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, әлеуметтік қызмет, құқық, психологиялық, тәрбиелік,педагогикалық, мәдени-демалыс сауықтыру және еңбек терапиясы.
— Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған әрбір әйел орталықты 6 айға дейін паналай алады. Бірақ оның мәселелерін шешу үшін өзінің келісімі мен құқығы бойынша паналау мерзімін анықтаймыз. Әйел 1 айға немесе бір күнге келуі мүмкін. Егер ол жыл ортасында келсе, онда ол желтоқсан айына дейін осында өмір сүре алады. Өйткені, біз жыл басынан бастап санаймыз,-дейді Райхан Бекманова.