Ақтаулықтар күйік иісіне шағымданғаннан соң экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары дереу Ақтау қаласының ішінен атмосфералық ауадан сынама алған. Сынама нәтижесі бойынша ауада көміртегі оксидінің концентрациясының асып кеткені анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz департаментке сілтеме жасап.
Сондай-ақ төтенше жағдайлар департаментінің ресми мәліметі бойынша Маңғыстау облысының аумағында ешқандай өрт болмаған.
— Дегенмен, БАҚ-қа мониторинг жүргізу кезінде Ресей Федерациясының Астрахан облысының аумағы, Каспий теңізі бөлігінде бірнеше тәулік бойы қамыс өсімдіктерінің өртенгені анықталды. Бұл фактіні онлайн карталардағы өрттердің аэроғарыштық мониторингінің нәтижелері растайды.
Маңғыстау облысының «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша 14 қараша күні сағат 22:00-ден бүгінге дейін желдің бағыты солтүстік-батыстан соғады, орташа жылдамдығы 5 м/с, екпіні 11 м/с жетеді.
Бұл – Астрахан облысындағы өрттің салдары екеніне дәлел, — делінген Маңғыстау облыстық экология департаментінің хабарламасында.