Мақат ауданының тұрғындары жеке кәсіп ашу үшін мемлекеттен алған грантты мақсатты пайдаланбаған. Бұл туралы аудан прокуратурасы мен аудандық Мансап орталығы бірлесіп өткізген жиналыс барысында белгілі болды.
Прокурорлар кейбір грант иелерінің жалған құжат көрсеткенін, кейбірінің бизнесін әлі бастамағанын анықтапты. Ал енді бірі сатып алған құрал-жабдықтың бағасын асырып көрсеткен. Осындай 7 тұлғаға қатысты заң бұзушылық белгілі болып, сот шешімімен үшеуінен 3 млн 300 мың теңге өндіріліп алынса, ал қалған төртеуіне бизнесін бастауға мүмкіндік берілген.
Және ірі кәсіпорындардың «Enbek.kz» порталына бос жұмыс орын туралы мәліметті жарияламауы да өзекті мәселеге айналған. Аудан прокурорлары осындай заңсыздықтың да жолын кесті. Содан кейін ғана «ҚТЖ» ҰК АҚ» Атырау магистральдық желі бөлімшесі және «Ембімұнайгаз» АҚ кәсіпорындарының төрт филиалы 11 бос жұмыс орнын аталмыш порталға орналастырған. Нәтижесінде 2 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.