CaspianLife, 6 қараша — Атырау қаласының бұрынғы әкімі Мейірім Қалауи жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды CaspianLife.
Ол шахар басшысы лауазымынан кеткен соң 4 ай жұмыссыз болған еді. 37 жастағы шенеунік енді «Атырау облысы су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы болып жұмыс істейді. Мейірім Қалауи — Қызылқоға ауданында дүниеге келген. 2006 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша, ал 2010 жылы РФ Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын 2006-2007 жылдары «Атырау-Ақпарат» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында бастады. Кейін «Тұран» ЖШС директоры, «Қазақстан» РТРК Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары, «Атырау-Ақпарат» КМК төрағасы болып еңбектенді. Одан соң облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, Атырау қаласы әкімінің орынбасары, Индер ауданының әкімі болды. 2022 жылдың наурыз айынан 2023 жылдың шілдесіне дейін қала әкімі қызметін атқарды.