CaspianLife, 3 қараша — Қазір ғимараттың жобалық-сметалық құжатты әзірленіп, инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды CaspianLife.
Биыл 1 ақпанда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің №2 студенттік жатақханасының тұрғындары шұғыл эвакуацияланып, басқа оқу орындарының жатақханаларына көшірілген еді. 1972 жылы салынған ескі жатақхана ғимаратының қабырғасына сызат түскендіктен студенттер шұғыл көшуге мәжбүр болды. Кейін ғимаратты Атырау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің мамандары тексеріп, тұруға қауіпті деген шешім шығарды.
Жаңа оқу жылында университет баспана мәселесін шешу мақсатында студенттерге «Дана» қонақ үйі мен С.Өтебаев атындағы Мұнай және газ университетінің жатақханасынан 200-ге жуық орынды жалға алған. Оқу орнында барлығы 7500 жас білім алса, оның 1100-і жатақханаға орналастырылған. «Қазан айында жобаны әзірлеуді бастадық. Жатақхана толықтай заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, студенттерге қажеттінің бәрімен қамтамасыз етіледі. Ғимарат 900 орындық. Қазір Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректорымен бірге жұмыс істеп жатырмыз», — деді Атырау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйлә Қойшығұлованың айтуынша, қазір білім ошағынан инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. «Жатақхана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қазір қаржы көзін қарастырып жатырмыз. Жыл соңына дейін апатты жағдайдағы жатақхана мен ескі оқу корпусы да сүріледі», – дейді Ләйлә Қойшығұлова.