Caspian Life, 13 қазан. «Әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды». Расында ер баланың қоғамда өз орнын тауып, лайықты азамат болып ер жетуіне әке тәрбиесінің ықпал етері анық. Ал жалғызбасты ана тәрбиелеп отырған бала ше? Ол әке жылуын сезінбек үшін не істеген жөн? Атыраулық белсенділер осы олқылықтың орнын толтыруды қолға алды. Атырауда балаға рухани тәрбие беруді мақсат еткен «Менің тәлімгерім» жобасы бастау алды.
Жобаға 10 әке мен 10 бала қатыспақ. Тәлімгер әкелердің қатарында өңірге белгілі мемқызметшілер мен ұстаздар, кәсіпкерлер және т.б. бар. Олар 2 ай бойы өзгенің баласын бауырына басып, азаматқа тән қасиетке баулиды.
Жоба басталмас бұрын балалар да, тәлімгер әкелер де психологтың жеке қабылдауында болып, мінез бен энергия сәйкестігі анықталған. Өйткені ойға алған істің нәтижелі болуы үшін екі арада үйлесімділіктің болуы өте маңызды дейді маман.
Тәлімгер әке мен бала арасындағы байланыс жоба аяқталған соң да үзілмек емес. «Балалар ер жеткенше оларға ақыл-кеңесімізді айтып, қолдау білдіруден қашпаймыз», — танбаймыз дейді азаматтар.