CaspianLife, 5 қыркүйек — Жалпы білім беретін №23 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған арнайы сынып бөлмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды CaspianLife Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған шараға қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Жазушылар және журналистер одағының мүшесі Қадір Жүсіп қатысты.
Сынып бөлмесі қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушының өмірі мен еңбегін, «Ахметтану» ілімін оқушыларға насихаттау мақсатында ашылды.
Бүгінгі қос мерейлі мерекемен құттықтаған қала әкімінің орынбасары ұлы ұстаздың еңбегіне тоқталды.
— Бүгін Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында алаштың арысы, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық рухымыздың ұлықталуына ерекше үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күні. Осы мектептен білім нәрімен сусындаған оқушыларамыз ертеңгі күні «Тарланбоздың басқан жерін тай басар»,- дегендей қазақ елінің мақтанышы болсын. Оқушылар мен ұстаздардың абыройы арта берсін. Мереке құтты болсын, — деді Н.Ермұханов.
Іс-шара барысында оқушылар концерттік бағдарлама ұйымдастырып, өз өнерлерін көрсетті.