Ақтауда спортшы Валерия Шальнованы зорлап, өлтіру дерегі бойынша полицейлер де жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Прокуратура 21 жастағы Валерия Шальнованы өлтірді және зорлады деген күдікпен Ақтау тұрғынына қатысты іс бойынша айыптау қорытындысын бекітті. Жақын арада материал сотқа жіберіледі. Сондай-ақ қылмыстық істі ашуға кедергі келтірген полиция қызметкерлері де жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Ажар Әбділ мәлімдеді.
“Осы істі тергеу барысында кейбір полиция қызметкерлері аса ауыр қылмысты уақытында ашуға кедергілер жасаған, қылмысты жасыру фактілері анықталды. Оларға қатысты жеке өндіріске материал бөлініп, Маңғыстау облысы полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасына жіберілді, онда кінәлі адамдардың іс-әрекеттеріне тиісті баға беріледі”, — деді Ажар Әбділ.