CaspianLife, 21 қыркүйек — Облыс аумағында 10 қыркүйек пен 31 қазан аралығында өтіп жатқан «Бекіре-2023» күзгі кезең жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында, заңсыз балық аулаған 46 азамат анықталған, деп хабарлайды CaspianLife.
Атырау облысы Балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес жөніндегі полиция бөлімі қызметкерлері 46 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 1-бөлігімен (балық аулау қағидаларын бұзу) әкімшілік хаттама толтырды.
Сонымен қатар, ҚР ҚК-тің 339-бабы 1-бөлігімен (Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) 2 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды.
Қазір құқық бұзғандар Атырау қаласы Полиция басқармасы №1 қалалық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобында.
Жайық-Каспий бассейнінде қылмыстық іс әрекеттерді болдырмау және қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету шаралары әрі қарай жалғасуда.