CaspianLife, 14 қыркүйек — Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрқан Сәдуақасов 2023 жылдың 1 қазанынан бастап эпидемияға қарсы іс-шараларды, оның ішінде тұмауға қарсы вакцинациялауды жүргізу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды CaspianLife.
Қаулыға сәйкес ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиялық маусымда 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы екпе жүргізіледі, медициналық ұйымдардың кіре берістеріне «сүзгілер» қойылып, маскалар мен антисептиктерді қолдану енгізіледі. Сондай-ақ, ЖРВИ, тұмау белгілерімен үйге шақырған жағдайда жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларға бірінші кезекте қызмет көрсетілу қажет. Мектепке дейінгі балалар ұйымдарында күнделікті сүзгіні жүргізу, ЖРВИ және тұмау белгілері бар балаларды шеттетуді қолға алу керек.
Орта білім беру ұйымдарында: бір инкубациялық кезең ішінде бір сынып санынан бір сыныпта 20-дан 30%-ға дейінгі оқушылардың ЖРВИ ауруы жағдайларын тіркеу кезінде жалпы білім беру ұйымдарында оқытудың кабинеттік жүйесінен бас тарту, күнтізбелік он күн ішінде сыныптарға жаңа балаларды қабылдауға тыйым салу ұсынылады. Сонымен қатар, бір инкубациялық кезең ішінде науқастардың жалпы саны 30% және одан көп ЖРВИ ауруы тіркелген жағдайда оқушыларды онлайн оқытуға ауыстыру жүзеге асырылмақ.