CaspianLife, 11 қыркүйек — Мемлекет басшысы «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады, деп хабарлайды CaspianLife.
Санжар Жаркешов:
- Ұлттық компанияның биылғы бірінші жартыжылдықтағы негізгі қаржы-шаруашылық көрсеткіштері және газ саласын реформалау барысы туралы есеп берді;
- 2022 жылдың басынан бері «QazaqGaz» ҰК» АҚ өз қаражаты есебінен Атырау және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында сомасы 400 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаларды жүзеге асырғанын баяндады;
- Ұлттық компания 2022 жылдың басынан бері үй шаруашылықтары мен кәсіпорындар үшін газ бағасын 389 миллиард теңгеге субсидиялаған. Осы кезеңде 450 мыңға жуық қазақстандық табиғи газға қол жеткізген;
- Газ тапшылығы мәселесінің шешілуіне қатысты мәлімет берді;
Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральды газ құбырының екінші желісіне қатысты жобаның жүзеге асу барысы және Қытай Халық Республикасымен жаңа экспорттық келісімшартқа қол қойылу жөнінде ақпарат берді; - Газ саласының орта мерзімді стратегиясын іске асыру және газ өңдеу қуаттылығын арттыру, сондай-ақ елді одан әрі газбен қамтамасыз ету перспективалары туралы мәлімет берді;
- Газдың ресурстық базасын кеңейту жұмыстары туралы баяндады: 2023 жылдың соңына дейін жаңа Анабай газ кен орны іске қосылатынын, сондай-ақ Придорожное кен орнын игеруге дайындық басталғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы ішкі нарықты газбен тұрақты қамтамасыз етуге, жылыту маусымына дер кезінде дайындалуға, газды үнемді тұтыну тұжырымдамасын енгізуге және баға белгілеу ісін реформалауға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.