CaspianLife, 31 тамыз — Биыл үй кезегінде тұрған 88 атыраулық баспаналы болады, деп хабарлайды Caspian Life. Бұл туралы Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автокөлік жолдары бөлімінің тұрғын үй секторы меңгерушісі Рафхат Жолдиев мәлімдеді.
Одан бөлек, тағы 55 атыраулық жас «Атырау жастары» бағдарламасы аясында үйлі болды. Сонымен бірге, «Бақытты отбасы — Атырау» жобасы да іске қосылды.
«Бұл бағдарлама арқылы кезекте тұрған көпбалалы аналар, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бастапқы жарнасыз қолданыстағы үйді сатып алуға мүмкіндік беріледі», — деді жауапты маман.
Оның сөзіне сенсек, былтыр осы бағдарламаға 366 тұрғын өтініш берген. Бүгінде олардың құжаттары қайта қаралып, 69 адамның құжаты банкке жолданған. Банкке тізімі жолданған 69 адамның төртеуінің төлем қабілеті расталып, өз пәтерлеріне ие болды. Ендігі кезекте қалған тұрғынның төлем қабілеті анықталуда. Сондай-ақ ол, Атырау облысы аудандарының тұрғындары үшін несиенің ең көп сомасы – 13 млн теңге болса, ал Атырау қаласының тұрғындары үшін – 18 млн теңге екенін атап өтті. Ал несиелеу мөлшерлемесі – 5 %, мерзімі – 19 жыл. Ең маңызды артықшылығы — бастапқы жарнаның және табыс шектеуінің болмауы.
Айта кетейік, қазіргі таңда 21 мыңдай атыраулық үй кезегінде тұр.