CaspianLife, 26 тамыз — Атырауда алдағы үш жылда 50-ден астам мектеп бой көтереді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Caspian News арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Caspian Life.
Атырау облысындағы мектептердің күрделі жұмыстары уақытымен жүруде. Олардың барысы қатаң бақылауда, деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Қаладағы №27 және №19 мектеп пайдалануға жыл соңында берілмек. Сондықтан, оқушылар алғашқы қоңырауды басқа білім ордалары мен жеке нысандарда қарсы алады.
Ы.Алтынсарин атындағы №11 мектеп биыл толықтай сүріліп, 2024 жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында қайта салынбақ. Жаңа мектепте 2000 оқушы білім алуға мүмкіндік болады.
«М.Ломоносов пен №10 мектеп жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен салынады. Бұл мектептердің құрылысын келесі жылы бастауға үміттіміз», — дейді Ж. Бисембиев.
Ж.Бисембиевтің айтуынша, биыл Атырау облысында 9 мектеп қолданысқа беріледі. Келер жылы жөнделген мектептерді қоса жаңа 18 мектеп оқушыларды қабылдайды. Ал, 2025 жылы 25 мектеп ашылады. Ал, аймақтағы үш ауысымды мектеп мәселесі 2024 жылы шешіледі деп күтелуде дейді ол.
Фото: Рахим Қойлыбаев