CaspianLife, 23 тамыз — Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев президентке аймақтағы ауыз су мәселесі қашан шешілетінін айтты, деп хабарлайды Caspian Life.
Ақорда сайтының хабарлауынша, аймақ басшысы президенттің қабылдауында биыл 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп беріп, жоспарларын баяндады.
Оның айтуынша, жалпы сомасы 5,3 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба іске қосылған. Қаңтар-шілде айларында өңірдің негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 523 миллиард теңгені құрады.
Сонымен бірге, аймақтағы су мәселесін кезең-кезеңімен шешу үшін облыста 2025 жылға дейін 6 жоба жүзеге аспақ. Соның нәтижесінде тұшытылған судың көлемін 146 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік туады.
Сондай-ақ Президентке Ақтау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру және инженерлік инфрақұрылымын қалыпқа келтіру, Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына (МАЭК) күрделі жөндеу жүргізу мәселелері жөнінде баяндалды.
МАЭК-ке жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін биыл 9,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 6,8 миллиард теңге МАЭК-тің инвестициялық бағдарламалары аясында, ал 2,6 миллиард теңге Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен бөлінді. Бұған қоса, Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет резервінен қажетті қондырғыларды сатып алу үшін 4,9 миллиард теңге қаржы қарастырылды.