CaspianLife, 7 тамыз — Халықаралық сән сарапшысы атыраулықтарға шеберлік сағатын өткізді, деп хабарлайды CaspianLife.
Атыраулық арулар әдемі әрі үйлесімді киініп, әлемдік сәннен қалыспай келеді. Бұған белгілі байер, сән сарапшысы Лилия Рахпен жергілікті сәнқойлармен өткізген кездесуі дәлел. Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал ол өз стилін қалыптастырған нәзік жандылар үшін шеберлік сабағын өткізді.
«Сәннен қалыспаймыз деп, киім мен аксессуарға көп ақша жұмсаймыз. Сосын келіп «сән — бұл шығын» деген түсінік қалыптасады. Мүлдем олай емес. Егер өз стиліңізді тапсаңыз, ол үшін көп қаражат жұмсамайсыз. Керісінше, өзіңізге керектіні ғана сатып алып, үнемдейтін боласыз. Трендтің артынан ермей, сізді ашатын стильді қалыптастыру керек. Мен соны үйрету үшін келдім» — деді сән сарапшысы Лилия Рах.
Лилия Рах – алғашқы қазақстандық байер, сән сарапшысы және жеке стилист. Инстаграм әлеуметтік желісінде 800 мыңнан астам оқырманы бар Лилияны стильдің қазақстандық иконасы деп атайды. Стилист әлемдік сән индустриясын қалыптастырып жүрген 500 адамның тізіміне енген. Ол осылайша Қазақстанға дүниенің мықты деген дизайнерлерін таныстырды
«Лилия Рах осыдан 30 жыл бұрын әлемдік брендтерді Қазақстанға алып келді. Енді олар Атырауға да келеді. Халықаралық деңгейдегі тұлғамен бір жерде отырып, оның аурасын сезген кез-келген ару өзін әдемі сезінеді» — деді Атырау облыстық дизайнерлер ассоциоциясының жетекшісі айсұлу Оразбаева.
Жақын арада Атырауда әлемге танымал брендтердің шоу-румы ашылады. Осылайша мұнайлы аймақ сән әлеміне тағы бір қадам жақындамақ. Шеберлік сабағының соңында Лилия Рах кездесуге ерекше әрі өзіне үйлесімді етіп киініп келген бес аруға сыйлық табыстады.