CaspianLife, 14 шілде — Батыс аймағындағы электр желісін күшейту жобасын іске асыру жұмысы созылып кеткен, деп хабаралайды CaspianLife.
Атырау және Маңғыстау облыстарындағы өңірлік стансаларда, әсіресе МАЭК-тегі апат қаупі жоғары. Станса жабдықтары әбден тозған. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында және Атырау мұнай өңдеу зауытында болған апаттың себебін тексеру жұмыстарының барысы қаралды. Үкіметбасы Karabatan Utility Solutions ЖШС-нің жаңа бу-газ жылу стансасының жұмысына да қатысты сұрақтың және Атырау мұнай өңдеу зауытының сыртқы электрмен жабдықтау схемасында айтарлықтай ақаудың бар екендігін де айтты. «Қазіргі кезде осы апатқа қатысы бар болуы мүмкін деген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін анықтау жұмыстары жүріп жатыр» — деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар Батыс өңірдің энергожүйесінің жай-күйіне жан-жақты талдау жасалып, АМӨЗ-ді электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Бұл ретте алдағы уақытта осындай жағдай болмас үшін бірқатар жүйелі проблеманы шешу жоспары әзірленбек. Яғни МАЭК жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өтеді, АМӨЗ-де қуаттылығы жоғары жеке энергия көзін салынып, Батыс аймағының электр желісі күшейтіледі. Премьер-Министр апаттың мән-жайын толық анықтау үшін жұмысты жалғастыруды және келешекте оның алдын алу шарасын іске асыруды егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.
Фото: Ак Жайык