CaspianLife, 4 шілде — Мүгедектік тағайындалған 19 мыңға жуық атыраулықтың жәрдемақысы өсті. Олар шілде айынан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны әдеттегіден көптеу алады, деп хабарлайды Caspian Life Caspian News телеарнасына сілтеме жасап.
Нақтырақ айтқанда, осыған дейін 77 мың теңге алып жүрген 1 топқа жататын ерекше жандарға енді 89 мың теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Ал 2 топтағы мүгедектерге төленетін көмектің мөлшері 62 мыңнан 71 мың теңгеге артты.
«3-ші топтағы мүгедектер осыған дейін 42 мың теңге алды, шілде айынан бастап бұл сома 48 мыңға дейін өсті. Сонымен бірге, бұрын «Батыр ана» атанғандар 25 мың теңге алады. Жерлеу жәрдемақысы да өсті. Бұрын бұл үшін 56 мың теңге төленсе, қазір 120 мың теңге тағайындалады», — дейді Атырау облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім басшысы Гүлшат Жұмағалиева.
Сонымен қатар, мүгедек балаларға төленетін жәрдемақы да көбейді. Санаты мен жас ерекшелігіне байланысты оның мөлшері 65 мың мен 89 мың теңге аралығын қамтиды. Ал асыраушысынан айырылған отбасыға төленетін көмектің көлемі жанұядағы бала санына байланысты 37 мың мен 121 мың теңге аралығында. Бұл жерде отбасы мүшелерінің еңбекке жарамсыздығы негізге алынады. Тұл жетім қалаған балаларға төлетін ақша да олардың санына байланысты. 62 мың теңгеден бастап 187 мың теңгеге дейін жетеді. Мүгедек баласы бар ата-аналарға немесе қамқоршыларына және 1 топтағы ерекше жандарды бағушыларға берілетін жәрдемақының мөлшері 65 313 теңгеге жетті. Мұндай өзгерістің бәрі 1 шілдеден бастап күшіне енген әлеуметтік кодексте көрсетілген.
Жаңа кодекс қоғамға бейімделуі қиын, психикалық ауытқуы бар бала мен оның ата-анасының немесе қамқоршысының шипажайға баруына мүмкіндік береді. Бұл үшін психиатрдың сараптамасы болу керек.
Автор: Нұрбибі Теміртасова