CaspianLife, 20 маусым – Атырауда «терефтал қышқылы мен полиэтилентерефталат өндіру зауыты» құрылысының жобасына қатысты қоғамдық тыңдау өтті деп хабарлайды caspianlife.kz
Оған қоғам белсенділері, экологтар, депутаттар мен жобаға жауапты КМГПетрохем компаниясының өкілдері қатысты. Аталған мекеме «Қазмұнайгаздың»100 пайыз еншілес компаниясы. Жаңа нысан Атырау мұнай өңдеу зауытының маңында орналасады. Аумағы 103 гектар болмлақ. Полиэтилентерафталаттың басқаша аты – термопласт. Тұрмыста кеңінен қолданылатын соққыға төзімді полимерден күнделікті өмірде қолданылатын бұйымдар – бөтелке, контейнер, пленка, арнайы жіп, киім, шина, тіпті мата да жасалады, — дейді «КМГПетрохем» өкілдері.
«Полиэтилентерефталат дегеніміз — пластик полимер. Қауіпсіз, кез-келген адам қолымен ұстап көре алады. Қандай да бір пластиктің құрамында полиэтилентерефталат болады. Біздің компания өндіріс орындары мен басқа да нысандарға полиэтилентерефталат жеткізу арқылы, олардың өнім дайындауына қолдау көрсетпек»,- деді KMG PetroChem ЖШС департамент директоры Ерлан Арапов.
Зауыт іске қосылса жылына 600 мың тонна терефтал қышқылын, ал 430-мың тонна полиэтилентерефталат өндіргелі отыр. Жұмыс кезінде АҚШ-та және Ұлыбританияда жасалған соңғы үлгідегі замануи технология қолданылады деп, сендіруге тырысты жобаны жасақтағандар. Алайда, бұған депутаттар мен экологтар қарсылық білдірді. Олар зауыт қалаға жақын орналасқандықтан қауіп тудыратынын және жобаның әлі піспеген, шикі тұсы көп екендігін ескертті.
«Қазіргі жағдайда бұл зауыт адам өміріне қауіпті болуы мүмкін. Өйткені, өрттің болуы қаупі жоғары. Компанияның әкеліп отырған презентациясы Атырау халқына тиімсіз. Қоғамдық тыңдау болғандықтан екі түрлі жақты қарап келу керек еді», — деді Атырау облыстық мәслихатының депутаты Айбар Ерекешов.
Дегенмен белсенділер зауытты қаланың сыртына, яғни Қарабатан жаққа салу туралы ұсыныс білдірді. «КМГПетрохем» өкілдері болса жобаны қайта қарап, көптің ұсыныс-пікірін енгізетіндіктерін, кейін қоғамдық тыңдауды қайта өткізетіндіктерін айтты.