CaspianLife, 15 маусым — Ақтауда ойнап жүрген жасөспірімнің үстіне футбол қақпасы құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Caspian Life.
Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 20 мамырда 16 жастағы жасөспірім ауыр жағдайда жеткізіліпті. Оқиға 7-ші шағын ауданда болған.
«24 мамыр күні науқастың анасы келіп, баласының жағдайы жақсы екенін айтып, алып кетті», — дейді дәрігерлер.
Жасөспірім бір апта үйде ем алғаннан кейін, есінен танып, қалшылдай бастаған. Оған алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін ауруханаға жеткізілді. Ақ халаттылар томография арқылы инсульт белгілерін анықтапты. Дәрігерлер науқастың миы шайқалып, ауыр жарақат алғанын айтып отыр. Желі қолданушылары ес-түссіз жатқан балаға қан қажет екенін айтып, көмек сұрауда. Олар 34-шағын ауданда орналасқан облыстық қан орталығына Тимур Шердің атына қан тапсыруды сұрайды.
Фото: baigenews.kz