CaspianLife, 7 маусым — Жыл басынан бері Атырау облысында интернет арқылы жасалған алаяқтықтың 307 дерегі тіркелген. Оның ішінде 67 қылмыстық іс көпке ұзамай ашылған, деп хабарлайды CaspianLife.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері алдағы уақытта осындай қылмыстық істердің санын азайту мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарына 96 мақала жариялап, 6 брифинг өткізген. 58 бейнеролик қала орталығындағы лэд экрандарда көрсетіліп, тұрғындарға сақтық іс-шарасы туралы жазылған жарнамалар таратыпты.
Полицейлердің сөзінше жәбірленушілердің көпшілігі 20-40 жас аралығында. Олар жалпы сомасы 169 млн.теңгедей қаражаттан айрылған. Мысалы Атырау облысының 33 жастағы тұрғыны тауарлық несиені ақшалай шығарып беретіндігі туралы жалған ақпарат таратып, ол ойын жүзеге асырған. Оған қатысты полицейлер 47 деректің тіркелгендігін айтып отыр. Және Қызылорда облысының 30 жастағы тұрғынының автокөлік сататындығы жөнінде бірнеше рет жалған жарнама шығарғандығы анықталды. Және оның 9 эпизодқа қатысы бар екендігі белгілі болып, қамауға алынды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша тұрғындар көбіне интернеттегі жалған жарнамаларға алдын ала төлем жасайды, жеке мәліметтерін өзгелерге береді. Ал алаяқтар осыны пайдаланып, өзгені атына несие рәсімдеп, ақшаны өздері жұмсайды. Сондай-ақ халық «ақшаңызды көбейтіп беремін» деген хабарландыруға да жиі алданып қалып жатады.
Фото: Baq.kz