CaspianLife, 5 маусым — Атырауда «100 аула» жобасы бойынша тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары жасалып жатыр, деп хабарлайды CaspianLife.
Қала әкімінің орынбасары Серік Нысанбаев бастаған депутаттар мен әкімдіктің жауапты қызметкерлері құрылыс жүріп жатқан жерлерге барып, тексеріп шықты. Қазіргі кезде «Авангард», «Лесхоз» «Балықшы» «Вокзал маңы» «Алмагүл» мөлтек аудандарында жұмыс қызған. Аулалардағы ойын және футбол алаңдары, жаяу жүргінші жолдары жаңартылып, автокөлік тұрақтары кеңейтілуде. Сондай-ақ жарық бағандары орнатылады. Құрылыс жұмыстары үш мердігердің мойнында. Абаттандыру жұмыстары қазан айында толық аяқталмақ.
«Бұл жоба негізі өткен 2022 жылы жоба басталып, осы жылы толықтай жоба аяқталады деп көздеп отырмыз. Осы жұмысты жалғастыру мақсатында қала әкімдігі қазір қосымша қаладағы 150 аулаға жоба жасақтау басталып кетті. Яғни бұл жұмыстар 2024-25 жылдары жалғасын табатын болады. Сонымен қатар паралелльно түрде өтініштерді, кішкентай балаларды жазғы каникулдарында аулаларында қауіпсіз жерде өткізу мақсатында 35 футбол алаңдарын толықтай жаңарту жұмыстары басталып кетті. Бүгінгі таңда 10 футбол алаңы тапсырылды пайдалануға. 25 алаңның жұмысы осы 1-2 айда тапсырылу көзделіп отыр. Халықтан сұрайтынымыз күтіп ұстау, таза ұстау, банағы кішкентай балаларға арналған ойын құрылғыларға ересек, жасөспірімдер ойнамау» — деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Серік Нысанбаев.
Жұмыс аяқталып, нысандар пайдалануға берілген соң оларды күтіп ұстау мақсатында бюджеттен арнайы қаражат бөлінбек. Және оған жауапты мердігер мекемені анықтау үшін конкурс жарияланады. «100 аула» жобасын іске асыру үшін бюджеттен 6,7 млрд теңге бөлінді.
Фото: Ақ Жайық