CaspianLife, 16 мамыр — 15 мамыр халықаралық отбасы күніне орай Атырауда «Отбасы аллеясы» ашылды, деп хабарлайды CaspianLife.
Қалалық әкімдік бастамасының мақсаты — отбасы құндылығын арттыру, жанұялардың осында келіп, серуендеуіне, олардың табиғат аясында бір-бірімен шүйіркелесіп, демалуына жағдай жасау.
«Біздің бірінші мақсатымыз, бұл отбасы құндылықтарын әр қазақтың үйінде отбасы, берекесі мықты болсын деген ниетпен, осы жерге келген отбасылар ертеңгі күні балаларымен бірге табиғаттың аясында жақсы демалып, жақсы көңіл күйде жүрсін деген ниетпен, жақсы тәлім-тәрбие алсын деген ниетпен жақсы шара ұйымдастырып жатырмыз» — деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.
«Авангард» ықшам ауданындағы Жеңіс саябағының жанындағы аллеяның жалпы аумағы 15 400 шаршы метр. Осы уақытқа дейін мұнда 700 түп тал егілген. Келушілер үшін 20 орындық қойылыпты. Аллея алдағы уақытта жарықтандырылып, субұрқақтар іске қосылмақ. Ал демалыс аумағындағы тәртіптің сақталуын полицейлер қадағалайды.