CaspianLife, 15 мамыр — Атыраулық тұрғындар тротуарлардың сапасыз салынып жатқанын айтып шағымдануда, деп хабарлайды CaspianLife.
«Жұмыскер» ықшам ауданының тұрғындары мына тротуардың қалай болса солай төселіп жатқандығын айтып, жергілікті биліктің осы мәслеге назар аударуын сұрады. Осы жазбадан кейін «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» мекемесінің Атыраудағы өкілдері жұмыс басына барып, мердігер мекеменің өкілдерімен кездесті.
«Берілген проект солай, ешқандайда щебень жоқ. ПГС-пен улпотнение жасап, үстіне асфальт төлейміз. Сондай проект Атырау облысына бірінші рет келіп жатқаннан кейін может, асфальттың качествасы жақсы. Біз проект бойынша жасап жатырмыз, өзгертіп жатқан жоқпыз. Бізге қалай берді, смета проект бойынша» — деді субмердігер мекеменің өкілі Арман Рыспаев.
Жалпы бұл ықшам аудандағы тротуар салу жұмысы былтыр басталып, 15,5 шақырым жолдың негізгі қабаты, яғни құм төселген. Қазір 5 шақырымға жуық жерге асфальт салынған. Қосалқы мердігер мекеме өкілінің айтуынша, жобаға бойынша қалыңдығы 12 сантиметр құм-қиыршық тас қоспасы, 4 см асфальт төселуі керек. Ал жолдың сапасын бақылайтын мекемедегілер тротуардың сапасыз салынып жатқаны визуалды қарағанның өзінде байқалып тұр дейді. Бірақ, жұмыс түгел аяқталмай, сынама алуға құқығымыз жоқ дегенді айтты.
«Сапасыз салынған тротуардың шаршы көлемі шығарылады. Бұл жерде ПГС-тың тығыздалуы дұрыс жасалмаған. Екіншіден подгрунтовка немесе асфальтты битум қоспасымен ПГС-тың арасында сцепление болу үшін зат. Осы сапасыз жасалған жер түгелімен есептеледі. Біздің атымыздан қалалық ЖКХ-ға қаттама жіберіледі, осы жұмыстарды қайта жасау жөнінде» — деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК АОФ директоры Дархан Сайлауов.
Дархан Сайлауов егер қалалық ТҮКШ бөлімі хаттамаға сәйкес шара қабылдамаса, облыстық әкімдікке шағым түсіретіндіктерін және жағдайды бақылауда ұстайтындықтарын ескертті.