CaspianLife, 11 мамыр — Атыраулықтар қоғамдық көлік жұмысының жақсарғанын қалайды. Тұрғындардың осы мәселеге байланысты шағымдарын тыңдау үшін облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері қоғамдық көліктерді тексеріп, жолаушылармен тілдесті, деп хабарлайды Caspian Life.
«Мәселе өзекті. Автобустың балаларды басып кетуі мүмкін! Көзі дұрыс көрмейтін адам да автобустың келіп қалғанын байқамауы ғажап емес! Сондықтан, бір шешім қабылдау керек. Тұрғындар бұл жерден қандай бағыттағы автобустардың жүретінін білуі қажет емес пе?!», — деді Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Балжан Досмұхамбетова.
Арнайы жолақтарды салу жұмысына қалалық ТҮКШ бөлімі жауапты. Осы орайда атыраулықтарды автобус жүргізушілері мен жолсеріктердің дөрекелігі, көліктердің тазалығы мен аялдамалардың жағдайы да алаңдатынын айта кетейік.
«Смарт Атырау» мекемесі басшысының айтуынша, былтыр қалада жаңа 50 аялдама салынған. Тағы 250 -і керек. Әкімдіктегілер оның 100-ін биыл орнатуды жоспарлап отыр. Бірақ, бұл жұмыс мердігер мекемеге тікелей байланысты. Тағы бір мәселе – жол ақысын қолма қол төлегендерге түбіртектің берілмеуі. Талапты орындамай отырғандарды анықтап, мәселені шешу үшін «Смарт Қала» мекемесі арнайы акция ұйымдастырып жатыр.
«Біз 1 сәуірден бастап арнайы акцияны қолға алдық. Егер сіз жолақысын қолма қол төлеп, түбіртек ала алмасаңыз, жағдайды баяндап видео түсіріңіз. Яғни, жолақысын төлегеніңізді, жүргізушінің чекті бермегенін анық көрсетіңіз. Кейін видеоны бізге жіберіңіз. Біз жолаушының картасына 1000 теңге аударамыз. Акция 31 мамырға дейін өтеді», — деді Smart Qala ЖШС директоры Ләззат Досмағамбетова.
Жолаушылардың арасында да талапқа бағынғысы келмейтіндер бар екені өтірік емес. Олардың көпшілігі зейнеткердің, мүгедектің немесе оқушының картасын пайдаланып, пысықайлық жасап жүр. Мониторинг жұмыстарын қорытындылаған қоғамдық кеңестің мүшелері енді жиын өткізіп, қоғамдық көліктердің жұмысын талқыламақ. Жалпы қазіргі уақытта қала аумағында 31 бағытта 250-ге жуық автобус қатынайды. Тек 2 бағыт, №12 және №14 бағыт мемлекет тарапынан субсидияланбайды. Былтыр қалған 29 бағытты субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Биыл қарастырылған қаржының көлемі 6 миллиардтан асады дейді қалалық әкімдіктің өкілдері.