Бір ғана батырманы басу арқылы лекция залына топ ете қалу оқушылар мен студенттерге таныс жағдай. Осы күнге дейін дәстүрлі форматта оқып келген 3 курс студенті Қасиет Бахкерейқызы онлайн оқудан әбден мезі болғанын айтады. Оқу орнының аурасын сезініп, аудиторияда лекция жазудың өзі бір ғанибет екен ғой дейді ол.
Қасиет БАХКЕРЕЙҚЫЗЫ, студент
Кез – келген нәрсенің жақсы мен жаманы қатар жүреді демекші, онлайн оқудың да кем тұстары жетерлік. Соның ішінде білім ордасының атмосферасын сезінбей үйде оқу, оқытушыларымызбен достарымызды экранның арғы шетінен көретініміз өкінішті. Тағы бір осал тұсы — білімнің тоериясымен практикасы жөнімен ұштаспайды. Әрине тапсырмаларды орындап жүйелі түрде онлайн жіберіп отырамыз. Дегенмен де онысы әлі жеткіліксіз.
Соңғы жылдары үлкенді-кішінің планшет, смартфон немесе компьютер-ноутбукқа телміріп отырғанын жиі көреміз. Заманауи құралдар баланың ермегі ғана емес, олардың тәрбиешісі болып кеткендей. Ал, дәрігерлердің сөзінше, онлайн оқу оқушылар мен студенттердің денсаулығына кері әсер етіп жатыр.
Әсел Ізбасарова, педиатр
Скринингтік тексерулер кезінде балалардан миопия, сколиоз секілді аурулар көп анықталады. Яғни, қашықтықтан оқыту баланың физиологиясына әсер етеді. Егер бала мектепте 40 минут бойы партада отырса, одан кейін 5 минуттық үзілісте қозғалады-жүгіреді, құрдастарымен сөйлеседі. Ал қазіргі уақытта бала үйде, ноутбук алдында телміріп отырады. Яғни мектептегідей белсенділік жоқ жане жиі тамақтану себепті артық салмақ жинай бастайды.
Дегенмен де дәстүрлі оқудың орны бөлек екендігі байкалады. Студенттер лекция өтетін аудиториядағы , ал окушылар мектептегі атмосфераны өзге ештеңемен де алмастыра алмайтындықтарын айтады.