МО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ақтау қаласы аумағында жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерін жүргізді. Жедел іздестіру шаралары барысында бірнеше тұрғыннан есірткі анықталды. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты хабарлайды.
Бақылау мақсатында «С» есімді азаматтан салмағы 1,9 грамм «героин» есірткісін сатып алу операциясы жүргізілді. Сонымен қатар 2 сәуір күні сағат 15:00 шамасында жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында тұрғылықты жері бойынша пәтерден 66 жастағы азамат «С» ұсталды.
«Тінту барысында пәтерден салмағы 30 грамм болатын «героин» есірткі заты бар шыны банкі, салмағы 2 грамм «героин» есірткі заты бар бір қағаз түйіншек, 1 дана «ПМ» маркалы тапанша және 2 дана тапаншаның оқ-дәрісі, 1 дана «Стражник» маркалы тапанша, оның 9 дана оқ-дәрісі, 3 дана қолдан жасалған пышақ, сондай-ақ пәтердің тоңазытқышынан салмағы 5 келі бекіре тұқымдас балықтың 4 данасы табылды», — дейді Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Одан әрі ұсталған азаматтың «Шығыс-1» ықшам ауданында салынып жатқан үйінде жұмысшы, 60 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматы болған. Тінту іс-шараларын жүргізу кезінде үйден 1 дана «ОСА Лазер» маркалы тапанша, 3 дана оқ-дәрі, 1 дана қолдан жасалған пышақ тәркіленді.
Тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша ұсталған азамат Ақтау қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал шетелдік азамат қазіргі уақытта қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Аталған қылмыстық іс бойынша сот-баллистикалық сараптама тағайындалып, қосымша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.