CaspianLife, 20 наурыз — Жуықта сұйытылған газ бағасының қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды CaspianLife.
ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев осылай деді. Өйткені соңғы кездері елімізде газбен жүретін көлік саны көбейіп барады, ал оны өндіру көлемі төмен.
«Қазір жүргізушілердің жанар-жағар май, дизельден бас тартып, сұйытылған отынға көшіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл нарықты біз жыл сайын ТШО компаниясының көмегімен және экспортқа жіберілуі тиіс сұйытылған отынды өзімізге алып қалу арқылы жауып отырған едік. Бұрын сұраныс аз болатын, қазір артып бара жатыр» — деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев.
Министрдің сөзінше Қазақстанда газдың бір литрінің өзіндік құны 70 теңгеден сәл асады. Яғни компаниялар өздері шығынға ұшыраса да, жұмыс істеп тұр. Оның үстіне елде көгілдір отын тапшылығы да сезіліп келеді, енді оны ресейліктерден сатып алу туралы келіссөз жүргізіліп жатқан көрінеді. Ресейде газдың бір литрі 120, Тәжікстанда 177 теңге тұрады. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп отырмыз деген министр мырзаның сөзіне сенсек, негізі газдың бағасы жанар-жағар май құнының 70 пайызы шамасында болуы тиіс. Дегенмен газ бағасы 150 теңгеге дейін көтерілмегенмен, қымбаттайтыны анық
«Айырмашылық жер мен көктей, бірақ, көліктерін бензиннен газға ауыстырып жатқан жүргізушілер жуықта оның да қымбаттайтынын түсіну керек. Қазір еліміздің аймақтарындағы баға да әртүрлі. Меніңше әлеуметтік жағдайға байланысты 5-10 теңгеге көтерілуі ықтимал» — деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев.
Министрдің айтуына қарағанда газ бағасы алдағы үш ай ішінде өсуі мүмкін. Ал энерджи монитор ақпараттық порталы таратқан мәліметке сүйенсек, газбен жүретін машина саны соңғы бір жылда 57 пайызға артып, 500 000-ға жуықтаған. Ал сұйытылған отынды пайдалану көлемі үш есе артқан.